Редакциялық саясат

Журналдың мақсаты - Тұран кеңістігіндегі және оған іргелес аймақтардағы археологиялық зерттеулерді дамыту, ғылыми нәтижелерді жариялау және халықаралық ғылыми интеграцияны қамтамасыз ету.

Журналдың міндеттері:

  • Археология саласындағы заманауи ғылыми зерттеулерді жариялау
  • Пәнаралық зерттеулерді (археогенетика, биоархеология, археометрия) қолдау
  • Жас ғалымдардың ғылыми еңбектерін жариялауға мүмкіндік беру
  • Халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту
  • Ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру

Журналдың тақырыптық бағыты: Журнал келесі ғылыми бағыттар бойынша мақалаларды қабылдайды:

  • Археология (далалық және теориялық зерттеулер)
  • Биоархеология және археогенетика
  • Археологиялық антропология
  • Палеопатология және ежелгі аурулар
  • Археологиялық GIS және цифрлық әдістер
  • Этноархеология

Жарияланым тілдері: қазақ, түрік, орыс, ағылшын,

Журналды шығару мерзімділігі

Журнал белгіленген мерзімде желілік (электрондық) нұсқада жылына 4 рет (3 айда бір рет) шығарылады, атап айтқанда: бірінші нөмір ағымдағы жылдың 30 наурызына дейін, екінші нөмір - ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін, үшінші нөмір - ағымдағы жылдың 30 қыркүйегіне дейін және төртінші нөмір - ағымдағы жылдың 30 желтоқсанына дейін шығарылады.

Қолжазбаны жариялау шарттары

"Turan Archaeology" журналы редакциясына автор (авторлар) бұрын жарияламаған, қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде журналдың тақырыптық бағыттарына сәйкес келетін және қатаң түрде қолжазба талаптарына сәйкес рәсімделген мақалалар қабылданады.

Ғылыми мақаланың қолжазбасын автор-корреспондент редакция алқасына журналдың келесі саны шыққанға дейін кемінде екі ай бұрын ұсынады. Журналға жариялау үшін негізгі мәтін кемінде 3000 сөзден тұратын және 7000 сөзден аспайтын, ал ағылшын тілінде жазылған мақалаларды жариялау үшін кемінде 10 беттен төмен болмайтын қолжазбалар қабылданады.

Автор қолжазбаны электронды платформа арқылы барлық метадеректер мен оның авторларын көрсете отырып жіберуі тиіс.

Авторлар редакцияға бұрын басқа басылымдарда жарияланбаған (баспа, электронды және басқа ашық көздерде) мақаланың түпнұсқасын ұсынуы қажет. Авторлар зерттеу нәтижелерінің нақтылығы, жаңалығы және дәлелдемесі үшін жауап береді. Қолжазбаны редакциялау кезінде немесе "Turan Archaeology" журналының рецензенттері тарапынан сарапталуы кезінде, сондай-ақ мақала жарияланғаннан кейін авторлар бұл қолжазбасын басқа басылымға жариялауға ұсына алмайды.

Редакцияның мақала авторларымен және рецензенттермен байланысы OJS электрондық платформасы арқылы онлайн режимде және қажет болған жағдайда электрондық пошта арқылы жүзеге асырылады.

Автор журнал редакциясына мақала қолжазбасының екі нұсқасын жібереді, оның бірінде авторлар туралы мәліметтер (аты-жөні, ғылыми дәрежесі, жұмыс орны, авторлар туралы мәліметтер болуы керек). Ғылыми басылымдар бөлімінің журналға жауапты маманы қолжазбаның техникалық талаптарға сәйкестігін тексереді.

Журнал редакциясы автордан/авторлардан келіп түскен қолжазбалардың рецензиясын ұйымдастырады, олар міндетті түрде анонимді (жасырын) рецензиялаудан өтеді. Алынған нәтижелер бойынша журналдың редакциялық алқасы мен ғылыми редактор жариялау туралы немесе жариялаудан бас тарту туралы қорытынды шешім қабылдайды. Орташа есеппен мақаланы жариялау туралы шешім 8 ай көлемінде қабылданады.

Мақала жариялау материалдың дайындығына қарай жалпы кезек тәртібімен жүзеге асырылады. Редакция дайындалып жатқан шығарылымдардың айдарларына сәйкес кезек ретін қалыптастыруға құқылы.

Мәтіндерді көшіру және плагиат

Плагиат үшін ғылыми мақалаларды тексеруді журналдың жауапты хатшысы "Білім алушылардың бағаланатын жазбаша жұмыстарында, ПОҚ оқу-әдістемелік және ғылыми еңбектерінде мәтінді пайдалануды тексеру ережесі" (УЕ-ХҚТУ-100-2022) сәйкес жүргізеді.

Ғылыми мақала бұрын жарияланбаған және басқа басылымдарда жариялауға арналмаған ғылыми зерттеулердің нәтижелерін ұсыну керек.

Журналға жариялау үшін ұсынылған ғылыми мақалалар мәтінінің түпнұсқалығы кем дегенде 75% құрауы керек. Түпнұсқалық нормаға сәйкес келмеген жағдайда және жасанды интеллектпен жасалған мәтіндер анықталса мақала қайтарылады. 75%-дан жоғары нәтиже көрсеткен, журналдың профиліне және басылымға қойылатын талаптарға сәйкес келетін мақала қарауға қабылданады және рецензиялауға жіберіледі.

Авторлар ұсынылған қолжазбада көрсетілген зерттеу нәтижелері толығымен түпнұсқа екендігіне кепілдік беруі керек. Ондағы қолданылған үзінділер мен пайымдаулар автордың міндетті сілтемесі және түпдереккөз ретінде берілуі қажет. Шектен тыс мәтін қолдану, сонымен бірге рәсімделмеген дереккөздерді бұрмалап беру немесе басқа біреудің зерттеу нәтижелерін иемдену секілді кез келген формадағы плагиаттық - әдепсіздік болып табылады және ол қабылданбайды. Сілтемесіз берілген мәліметтер редакциялық алқа тарапынан плагиат ретінде қаралады.

Авторлар ЖИ көмегімен жасалған кез келген мазмұн үшін толық жауапты болады. Ғылыми мақалада зерттеу нәтижесінде алынған деректерді статистикалық өңдеу үшін ЖИ-ні қолдануға рұқсат етіледі. ЖИ-ні қолданған жағдайда ғылыми зерттеу этикасын сақтай отырып, ЖИ дереккөзін міндетті түрде көрсету керек. Және ол туралы "Зерттеу әдістері мен материалдар" бөлімінде ашық түрде қай құралды қандай мақсатта, зерттеудің қай кезеңінде қолданғаны көрсетілуі керек. Мақалада ЖИ технологияларын қолданғанда оның ғылыми нәтижелерін, ұсынымдары мен қорытындыларын автор немесе авторлар ұжымы өз бетінше тұжырымдауы қажет. Мақаланың негізгі мәтінін жазуда және жалған мәліметтер келтіру, плагиатты айналып өту үшін жасанды интеллектіні қолдануға болмайды.

Мақаланы рецензиялаудың түрі мен тәртібі

Журналдың редакциясына жіберілген барлық ғылыми мақалалар міндетті түрде екіжақты жасырын тексеруден өтеді (рецензент қолжазбаның авторларын білмейді, қолжазба авторлары рецензенттерді білмейді).

Мақалаларға пікір беруді рецензенттер - ішкі және сыртқы/шетелдік ЖОО-дың тиісті білім және ғылым саласындағы жетекші сарапшылары жүзеге асырады. Мақаланы сараптау үшін нақты рецензентті таңдау туралы шешімді редакторлар қабылдайды. Қарау мерзімі - 2-4 апта, бірақ рецензенттің өтініші бойынша оны ұзартуға болады.

Әрбір рецензент қолжазба материалдарын қабылдауға әсер ететін айқын мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда сараптаудан бас тартуға құқылы. Рецензент қолжазбаны қарау нәтижелері бойынша өз ұсыныстарын береді:

  • "Мақаланы қабылдау" - егер қолжазбада түсініктемелер болмаса, ғылыми зерттеулердің өзектілігі мен ерекшелігінің талаптарына жауап берген жағдайда қолжазба журналға ұсынылатын жарияланымдар тізіміне енгізіледі;
  • "Мақала қосымша өңдеуді талап етеді" - бұл жағдайда мақала авторларға ескертулерді жою үшін жіберіледі. Рецензенттің ескертулеріне сәйкес түзетілген мәтінді алғаннан кейін редакция мақаланы рецензенттің қарауына екінші рет жібермей, оны жариялауға ұсыну мүмкіндігі бар.
  • "Мақаланы қайта рецензиялауға жіберу" - бұл жағдайда мақала авторларға ескертулерді жою үшін жіберіледі. Түзетілген мәтінді алғаннан кейін редакция мақаланы рецензенттің қарауына екінші рет жібереді. Егер рецензенттің мақалаға елеулі ескертулері болған жағдайда, мақала үшінші рет рецензенттің қарауына жіберіледі. Үшінші ретінде елеусіз ескертулер болса, редакцияның шешімімен жариялауға ұсынылады немесе бұдан кейін де рецензенттің оң пікірі болмаса мақала редакция шешімімен одан әрі қайта қарау құқығынсыз қайтарылады.
  • "Мақаланы қабылдамау" - бұл жағдайда, екінші рецензенттің пікірі оң болса, үшінші рецензентке жіберіледі. Егер де үшінші рецензенттің де пікірі теріс болса, редакцияның шешімімен қабылданбайды.

Рецензенттер қолжазбаларды сараптауда генеративті ЖИ құралдарын пайдаланбауы қажет.

Редакцияның келесі отырысында пікірлер алынғаннан кейін алынған мақалалар туралы мәселе қаралады және рецензенттердің қорытындылары негізінде мақаланы жариялау немесе жариялаудан бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылданады.

Мақаланы жариялау үшін баспаға дейінгі дайындау міндетті болып табылады және техникалық редакциялаудан тұрады, қабылданған форматтау стандарттары мен журналға мақалаларды жариялау ережелерінің сақталуын қадағалайды.

Авторлық құқық және куәландыру (лицензиялау)

Журналда мақалаларды оқуға, жүктеуге, көшіруге, таратуға, басып шығаруға және олардың толық мәтіндеріне ешқандай шектеусіз авторлық құқықпен сілтеме жасауға мүмкіндік беретін еркін қол жетімділік бар. Авторлар өздерінің авторлық құқығын сақтайды және журналға қолжазбаны бірінші рет жариялау құқығын береді. Бұл ретте барлық жарияланған қолжазбаларға Creative Commons Attribution лицензиясы қолданылады https://creativecommons.org/licenses/by/4.0, басқа пайдаланушыларға жұмыстың авторлығы мен осы журналға сілтеме берілген жағдайда материалды еркін көшіруге, таратуға және бейімдеуге мүмкіндік береді. Авторлар қолжазбаның жарияланған нұсқасын (мысалы, оны репозиторийлерге орналастыру немесе кітапқа жариялау) осы журналға сілтеме жасай отырып, эксклюзивті емес тарату туралы қосымша келісімшарттар жасай алады. Авторлар өз жұмыстарын онлайн режимінде (мысалы, институттың репозиторийіне немесе жеке веб-сайтқа) рецензиялау процесіне дейін және журналда жарияланғаннан кейін жүктеуге құқылы.

Мүдделер қақтығысы

Жарияланым этикасы Комитетінің (СОРЕ) анықтамасы бойынша, ғылыми жарияланымдар саласындағы мүдделер қақтығысы дегеніміз автордың, рецензенттің немесе редактордың қаржылық немесе жеке, кәсіби себептерінен болатын жағдайлар.

Мүдделер қақтығысы рецензенттің және редколлегияның ғылыми бағалауынан кейін де туындауы мүмкін. Қос тараптың өзара келіспеушілігі нәтижесінде қолжазба жарияланымына қатысты шешімді редакция мүшелері мен редакциялық алқа мүшелері шығаратын болады.

Қарауға ұсынылған қолжазбалардан алынған жарияланбаған мәліметтер жеке мақсатта пайдаланылмауы немесе автордың жазбаша келісімінсіз үшінші тұлғаларға берілмеуі керек. Шолу кезінде алынған ақпарат немесе идеялар құпия сақталуы және жеке мақсаттарда қолданылмауы керек. Егер зерттеу нәтижесінде мүдделер арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда, редакторлар қолжазбаны қараудан бас тартуы керек (редактордан немесе редакциялық алқаның басқа мүшесінен сұрау). Редакторлар барлық авторлардан бәсекелес қызығушылықтарды ашуды және егер бәсекелес мүдделер жарияланғаннан кейін анықталса, түзетулер жариялауын талап етуі керек. Қажет болған жағдайда, мысалы, пікірді жариялау немесе алаңдаушылық білдіру сияқты басқа да тиісті шаралар қабылдануы керек.

Қолжазбаның мазмұнына қатысты мүдделер қақтығысы болған жағдайда, ғылыми редактор қолжазбаны қайта тексеру мен рецензиялауды басқа рецензентке тапсырады.

Қарастыру және рецензиялау үрдісінде мүдделер қақтығысының болуы, қолжазбаның қайтарылатынын білдірмейді.

Ашық қол жетімділік. "Turan Archaeology" - Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашық қолжетімді журналы. Яғни жарияланған мақалалардың барлығы еркін және тегін қолжетімді. Зерттеу нәтижелеріне ашық қолжетімділік жалпыға бірдей білімнің артуына ықпал етеді деген қағидаға сүйене отырып, журнал мақалалары барлық тілек білдірушілерге сайт мұрағатында тікелей қол жетімді. Сонымен қатар журналдың сайтында авторлар мен оқырмандар үшін журналдың қызметі туралы қажетті барлық ақпараттар көрсетілген: жариялау шарттары, қолжазбаларды рәсімдеу және журналға ұсыну ережелері қолжазбаларды рецензиялау тәртібі, жариялау этикасы, редакциялық алқа туралы мәліметтер, басылымның қызметкерлерімен байланыс орнату деректері ұсынылған.

Мұрағаттау. Журналдың барлық оқырмандары мен авторлары басылымның ағымдағы электрондық нұсқаларымен және бұрынғы жылдардағы мұрағаттарымен толық таныса алады.