Мақаланы қарастыру тәртібі
1. Мақала журналдың сайтына https://publications.ayu.edu.kz жүктеу арқылы электронды форматтa (docx) келіп түседі. Бір нұсқасы авторлармен, екінші нұсқасы авторларсыз және авторлар туралы толық мәліметтер (телефон нөмірлері де көрсетілген) қосымша файлмен жүктеледі.
2. Мақала авторының (авторларының) аты-жөні, ғылыми дәрежесі, жұмыс орны, елі, қаласы, электрондық поштасы 4 тілде (қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде) көрсетіледі. ORCID (ағыл. - «Зерттеуші мен қатысушының ашық идентификаторы») нөмірі берілу керек.
3. Ғылыми басылымдар бөлімінің журналға жауапты маманы қолжазбаның техникалық талаптарға сәйкестігін тексереді, талаптарға сәйкес келмесе мақаланы қайтаруға құқылы.
4. Барлық мақала міндетті түрде антиплагиат бағдарламасымен тексеріліп, жұмыстың түпнұсқалық көрсеткіші 75%-дан кем болған немесе жасанды интеллектпен жазылған мақалалар одан әрі қарастыруға қабылданбайды. Түпнұсқалығы шекті деңгейден асқан мақала редакторға жіберіледі, ол мақаланың журналдың тақырыптық бағытына сәйкестігін бағалайды. Егер мақала журналдың тақырыптық бағытына сәйкес келмесе, авторға жариялаудан бас тарту туралы негіздеме жолданады. Орта есеппен, мақаланы бастапқы қарау уақыты 2-4 аптаны құрайды.
5. Ғылыми редактор немесе жауапты хатшы бастапқы іріктеуден өткен әрбір мақалаға мақаланың жариялану мүмкіндігін анықтау үшін тиісті бағыты бойынша сол саладан ғылыми дәрежелі 2 ғалым рецензент тағайындайды.
6. Журналда «екіжақты жасырын» рецензиялау әдісі қолданылады, яғни авторлар мен рецензенттердің есімдері құпия сақталады. Рецензент мақала тақырыбының өзектілігін, ғылыми салаға қосқан үлесін, алынған нәтижелердің деңгейін бағалайды. Ол мақаланы жариялауға ұсыну, түзетуге жіберу немесе қабылдамау жайлы нақты ұсыныс береді. Екі рецензияның бірі оң, екіншісі теріс болса, онда мақала үшінші рецензентке жіберіледі.
7. Автор өңдеуге жолданған мақаланы жылдам түзетіп, мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде жаңартылған нұсқасын ұсынуы керек. Түзетілген нұсқа қайтадан рецензентке жіберіледі. Қарастыру үдерісі рецензенттің соңғы шешімі шыққанға дейін жалғасады. Рецензенттер айтқан ескертулер бойынша авторлар тарапынан ұзақ уақыт жауап келмесе, яғни авторлар тарапынан кері байланыс болмаса, онда бұл мақала кезектен алынып тасталады. Егер автор рецензенттің ескертулерімен келіспесе, ол негіздеме хатты редакцияға жібере алады. Ғылыми редактор автордың өтінішін қарастыра отырып, соңғы шешімді қабылдайды.
8. Редакция мен автор арасындағы байланыс база арқылы (рецензенттердің не редакциялық алқаның шешімдері автор-корреспонденттің жеке кабинетіне жолданады) немесе журналдың электронды поштасы арқылы жасалады. Мақала бойынша барлық материалдар (мақаланың соңғы нұсқасы, рецензиялар, плагиат бойынша есеп және қосымша құжаттар) редакция алқасының қарауына ұсынылады. Журналда мақаланы жариялау мүмкіндігі туралы соңғы шешімді рецензенттердің пікірлерін ескере отырып, редакция алқасы қабылдайды. Редакция алқасынан теріс пікір алған немесе қайтарылған мақалалар қайта қарастыруға қабылданбайды. Мақалалар бойынша даулы мәселелер туындаған жағдайда түпкілікті шешімді журналдың ғылыми редакторы қабылдайды. Орташа есеппен мақаланы жариялау туралы шешім 8 ай ішінде қабылданады.
9. Жариялау материалдың дайындығына қарай жалпы кезек тәртібімен жүзеге асырылады. Редакция мақалалардың дайындығы мен шығарылымның айдарларына сәйкес кезек ретін қалыптастыруға құқылы.
10. Шығарылымның мазмұнын анықтағаннан кейін техникалық редактор мақалалардың мәтіндерін (қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде) түзету және журналды беттеу жұмыстарын ұйымдастырады.